Мүмкіндігі шектеулілердің мүмкіндігі ұлғаяды

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған заманауи арнайы құралдарды насихаттау бағытында «Ашық есік күні» шарасы өтті. Жиында алғашқы болып аталған басқарма басшысының орынбасары Сәкен Арубаев сөз сөйлеп, өңіріміз бойынша бұл саладағы мүмкіндіктерге тоқталды. 
Облыс бойынша 44635 мүмкіндігі шектеулі жандар бар. 18 жасқа толмаған мүгедектер саны 5804-ті құрайды. Бұл азаматтарды оңалту мақсатында биылғы жылы облыстық бюджеттен 589,1 миллион теңге бөлініп, қарастырылған қаражат 2016 жылмен салыстырғанда 68,6 пайызға (349,2 миллион теңгеге) ұлғайған. Биылғы жылдың 26 маусымында Алматы Протездік-ортопедиялық орталығы акционерлік қоғамымен 3 «Протез-ортопедиялық заттар мен қызметтерге мемлекеттік сатып алу» бойынша 160,8 миллион теңгеге протез-ортопедиялық құралдарға көмек көрсетуге келісім-шарт жасалыныпты.
Протез-ортопедиялық көмекке мұқтаж азаматтарды қамту мақсатында облыстық қазынадан 160,8 миллион теңге бөлініп, оның 114,7 миллион теңгесі игеріліп, 1475 түрлі қажетті заттар сатып алыныпты. Бұдан бөлек Тараз қалалық және аудандық бюджеттерден 808,9 милион теңге қарастырылып, 6286 мүгедек әлеуметтік көмекпен қамтылған. 5 медициналық - әлеуметтік мекемеде 1079 адам толық мемлекет қамқорлығына алынған.
Мұнан соң республикалық  әлеуметтік көмекті дамыту ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Мыңжасар Шугаепов протездердің заманауи құрал жабдықтармен жасалатын бүгінгі мүмкіндіктеріне тоқталды. Бұл мақсатта дамыған шет мемлекеттерден заманауи қондырғылар алынып жатыр екен. Мыңжасар Шәріпұлы емдеу-жаттығу протездеріне, қолға, жіліншікке, жамбасқа жасалатын протездердің тиімділігіне, емделу уақыты бұрынғыдан екі есе азайғанына кеңінен тоқталды. 
Сондай-ақ, бұл протездерде анатомиялық қажеттіліктердің барлығы сақталған екен. Бұл ретте Мыңжасар Шугаепов қажетті мамандарды Мәскеуге білімін жетілдіруге жіберіп  атқандарынан хабардар етті. Жиналған медицина және әлеуметтік саланың мамандарына протезге арналған жаңа қондырғылардың тиімділіг туралы роликтер көрсетілді.
Бұдан кейін облыстық медициналық әлеуметтік сараптама комиссиясының бөлім басшысы Айгүл Махатова, Шу аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Күміс Хаджиева, Тараздағы әйелдерге арналған дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері Гүлжан Омарова түрлі сауладар қойып, оған Мыңжасар Шәріпұлы жан-жақты жауап берді.
Жиынды аталған басқарма басшысының орынбасары Сәкен Арубаев қорытындылап, республикалық орталықтың өкіліне және «Ашық есік күніне» келгендерге алғысын білдірді.